ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының Владимир облысында жол апатына ұшыраған Қазақстаннан шыққан автобусқа қатысты пікір білдірді.
«Владимир облыстық ТЖМ-нің мәліметтеріне сүйенсек, тіркеу номері UDA668 Mercedes маркалы жолаушылар автобусы аталған өңірде ірі жол көлігі апатына ұшырады», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов Фейсбуктегі парақшасында.
Мәліметтерге қарағанда, жол көлік апаты салдарынан 15 адам қаза тауып, 5 адам ауруханаға жеткізілді. Автобуста барлығы 55 адам болған. «Зардап шеккендер Петушинскідегі аудандық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта Ресейдегі қазақстандық дипломаттар қаза тапқандар мен зардап шеккендердің тұлғалары мен азаматтығын анықтап жатыр», - дейді Әнуар Жайнақов.
Айта кетейік, ҚР СІМ Ресей Федерациясының Владимир облысында болған ірі жол апатында қазақстандықтар қаза болды деген ақпаратты тексеріп жатқандығы туралы хабарлаған болатынбыз.